Допты хоккей: «Ақжайық» «Локомотивтен» екінші ойында жеңіліп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» бүгін Орынборда «Локомотивпен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Допты хоккей: «Ақжайық» «Локомотивтен» екінші ойында жеңіліп қалды

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтар бірінші таймда 5:3 есебімен алда тұрғанымен, ойынның екінші кезеңінде сол басымдылықты сақтап қала алмады. Сөйтіп 6:9 есебімен айдын иелеріне есе жіберді.

Екінші топта 10 кездесуден кейін соншама ұпаймен әзірге бесінші орында тұрған, ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар келесі матчтарын жаңа жылда, 14-15 қаңтар күндері өз айдынында дәл осы «Локомотивпен» өткізеді. Орынборлықтар бүгінгі жеңісінен кейін 12 ұпаймен «Ақжайықтың» алдына шықса, алтыншы, жетінші орындағы «Никельщик» (Верхний Уфалей) пен «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командаларының қоржынында сәйкесінше 9 және 8 ұпайы болғанымен, олардың батысқазақстандықтарға қарағанда, екі ойыны кем. Демек, оралдықтарды басып озуға мүмкіндіктері мол.