Допты хоккей: «Ақжайық» «Маяк» командасын екінші рет ойсырата ұтты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында ойнайтын «Ақжайық» командасы «Жастар» стадионында «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші таймда Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:1 есебімен алға кетті.

Екінші кезеңде сол басымдылығын еселей түсіп, есепті 11:1-ге жеткізді.

Бұл матчта команданың сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов хет-триктің авторы атанды. Сөйтіп ол биылғы төрт ойында 11 гол соғып үлгерді.

Сондай-ақ бүгін Орал допты хоккейінің түлектері Ершат Амангелдиев пен Петр Грибанов екі реттен мергендік танытты. Самат Аманшин, Болат Мұхит, Дәурен Оралов және тағы бір ресейлік Александр Слугин бір-бірден гол соқты.

«Маяктан» Михаил Александров қана бір доппен көзге түсе алды.

Осы кездесуден кейін 9 ұпай жинаған «Ақжайық» үшінші топта үшінші орынға көтерілді.

Оралдықтар келесі бәсекелерін 21-22 қаңтарда Орынбордың «Локомотив» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» қарсыласын ірі есеппен ұтқанын жазған болатынбыз.

Фото: «Ақжайық» СК.


Соңғы жаңалықтар