Допты хоккей: «Ақжайық» өз айдынында «Никельщик» командасын ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» «Стеновик» стадионында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдап, 6:3 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бұл кездесуде команданың сұрмергені, ресейлік легионер Сергей Башаев төрт доптың авторы атанса, Петр Грибанов қонақтар қақпасына қос бірдей гол соқты.

Ертең қос команда екінші матчын өткізеді.

Осы ойыннан кейін 40 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында үшінші орында келеді. Әр топта алдыңғы үштікке ілінген командалар биыл Сыктывкар қаласында 28 ақпан - 6 наурыз аралығында өтетін финалдық ойындарға қатысып, суперлига жолдамасын сарапқа салады.

Айта кетейік, бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тұрғындармен есептік кездесуінде допты хоккейден Қазақстан құрамасының капитаны, Новосібірдің «Сибсельмаш» командасының намысын қорғап жүрген Рауан Исалиевтің анасы Гүлбара Жұмалиева ресейліктер тарапынан Қазақстаннан бір команданы суперлигаға қосуға ниет бар екендігін айтып, «Осынау спорт түріне қолдау көрсетіле ме?» деп сұрады. Бұған жауап берген өңір басшысы допты, сондай-ақ шайбалы хоккейді де дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Допты хоккейден қырық жылдан астам тарихы бар «Ақжайық» командасының биылғы қарқыны жақсы. Оның үстіне «Жастар» стадионында «ҚПО б.в.» қаржысы есебінен жасанды мұз айдынын жасау жұмыстары жүргізілуде. Суперлигаға енгісі келетін клубқа қойылатын талаптың бірі - стадионда жасанды мұз айдыны болуы керек. Мұндай жағдай жасалса, допты хоккей шеберлеріне маусымға күні бұрын дайындалып, көбірек жаттығуларына мүмкіндік туады. Сол секілді шайбалы хоккейден де әзірге жасөспірімдер арасында бір клуб құруға болады.  

Соңғы жаңалықтар