Допты хоккей: «Ақжайық» өз тобында бірінші орынға көтерілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» биылғы маусымдағы өз айдынында өткізген соңғы кездесуінде де «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын тізе бүктірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 
None
None

Бұл ойында «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Сергей Башаев бес голдың авторы атанды. Бұған қонақтар екі-ақ голмен жауап қайырды. Сөйтіп ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Осы матчтан кейін 49 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында бірінші орынға көтерілді. 47 ұпаймен екінші орында тұрған «Маяктың»(Краснотурьинск) Воткинскідегі «Знамя-Удмуртия» командасымен бір кездесуі краснотурьинскілік хоккейшілердің ауырып қалуына байланысты өтпей қалған болатын. «Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, сондықтан «Маяк» командасына жеңіліс жазылады.

Сол себепті оралдықтар өз тобында жеңімпаз атанатын болады. Енді олар Сыктывкар қаласында 28 ақпан - 6 наурыз аралығында өтетін финалдық ойындарға аттанады. Финалдық турнирде «Строитель» (Сыктывкар),«Мурман» (Мурманск), «Ақжайық», «Маяк», «Знамя-Удмуртия», «Саяны» (Абакан),«Енисей-2» (Красноярск) командалары суперлигаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар