Допты хоккей: «Ақжайық» Уфада «Кировец» клубына есе жіберді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» кезекті ойынын Уфада «Кировец» клубымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккей: «Ақжайық» Уфада «Кировец» клубына есе жіберді

Николай Шавалдиннің шәкірттері кездесуді сәтті бастады.

Алдымен ресейлік легионер Максим Пахомов есеп ашса, көп ұзамай Андрей Гущин мергендігімен көзге түсті. Содан кейін М.Пахомов есепті 3:0-ге жеткізді. Бірінші таймда «Кировецтен» Егор Козлов бір гол соға алды.

Есесіне ойынның екінші кезеңінде айдын иелері шабуылды күшейтті. Павел Даданов хет-триктің авторы атанса, Алексей Севрюков пен Владимир Иванов та құр кетпеді. «Ақжайықтан» тағы бір ресейлік Артем Лапшин ғана жалғыз голмен жауап қайырды.

Осылайша «Кировец» 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Командалар 15 желтоқсан күні екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Маяк» командасынан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.