Допты хоккей: «Ақжайық» Уфаның «Кировец» командасын жеңді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Кировец» (Уфа) командасын ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар» стадионында өткен матч 8:1 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді.

«Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Александр Штеле хет-триктің авторы атанса, Қуаныш Темірәлин, Максим Пахомов, Артем Лапшин, Андрей Гущин және Илья Глухов қарсыластың қақпасына бір-бір голдан соқты. Бұған уфалықтардан бірінші таймда Владимир Иванов жалғыз доппен жауап қайырды.

Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.

Бұл ойыннан кейін 37 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта «Кировецті» басып озып, үшінші орынға көтерілді. Көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) мен «Маяк» (Краснотурьинск) командаларының еншісінде сәйкесінше 46 және 45 ұпайдан бар. Ең үздік қос команда финалдық сайыстарға жолдама алатынын ескерсек, «Ақжайыққа» ол үшін де таласатындай мүмкіндік бар.

Бір айта кететін жайт, Ресей допты хоккей федерациясы мәлім еткеніндей, Қытай құрамасы допты хоккейден ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионатына бармайтын болды.

Мұның себебі Қытайдағы коронавирустың өршуі және оның турнирге қатысатын басқа командаларға таралу мүмкіндігіне байланысты болып отыр.

Ерлер арасында әлем чемпионаты (Б тобы) 1-6 наурызда Иркутскіде, әйелдердің дүниежүзілік додасы 19-22 ақпанда Норвегия астанасы Ослода өтеді.

Қытай құрамасының қатыспауына байланысты әлем біріншіліктерінің кестесіне өзгерістер енгізіледі.

Ерлердің А тобы командалары арасында әлем чемпионаты 28 наурыз – 5 сәуір аралығында Иркустк қаласында болмақ. Күштілер тобындағы бұл жарысқа осыған дейін алты мәрте қола жүлдегер атанған Қазақстан құрамасы да қатысады. Өткен жылғы дүниежүзілік додада төртінші орынға табан тіреген ел құрамасы негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тағы да ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар