Допты хоккей: «Ақжайық» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымдағы алғашқы матчтарын Краснотурьинскіде «Маякпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккей: «Ақжайық» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын «Маяк» – үшінші топтағы мықты командалардың бірі.

Пандемияға байланысты өткен маусымға қатыса алмаған оралдықтар бірінші матчта айдын иелеріне 4:6 есебімен есе жіберді. «Ақжайық» сапынан бұл ойында ресейлік шабуылшы Максим Пахомов төрт голдың авторы атанып, ерекше көзге түсті.

Бүгін өткен екінші кездесуді батысқазақстандықтар қарқынды бастап, тағы бір ресейлік Сергей Башаев 2-минутта есеп ашты. Содан кейін М.Пахомов екі рет мергендік танытты. Айдын иелерінен Федор Миронов есепті қысқартқанымен, тағы бір ресейлік Александр Слугин 4:1-ге жеткізді.

Екінші таймда «Маяктан» Максим Никишов пен Павел Домрачев бір-бір голдан соқса, қонақтардан М.Пахомов та қарап қалмады.

Осылайша «Ақжайық» 5:3 есебімен жеңіске жетіп, бастапқы үш ұпайды қоржынға салды.

Оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 6-7 желтоқсанда сырт айдында «СКА-Свердловск» (Екатеринбург) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» жаңа маусымға дайындалып жатқанын, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордадан басталған марафонның Оралда мәреге жеткенін жазған болатынбыз.