16:19, 10 Қаңтар 2019 | GMT +5
Допты хоккей: «Ақжайық» жаңа жылдағы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Орынборда «Локомотивпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа жылдағы алғашқы ойында қарсыластар алма-кезек шабуылдап, біразға дейін есеп ашылған жоқ.
Тек 21-минутта айдын иелерінен Егор Лобаев мергендік танытты. Бір минутқа жетпей, «Ақжайықтың» жас шабуылшысы Азат Бектұрған таразы басын теңестіріп үлгергенімен, іле-шала Роман Тынтеров «Локомотивті» қайта алға шығарды. Бірінші тайм соңына таман Равиль Сиразетдинов есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші кезеңнің аяғына қарай, 81-минутта Р.Тынтеров тағы бір голдың авторы атанды.
Осылайша орынборлықтар 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш бастаушы команданы ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.