Допты хоккей: «Ақжайық» жеңілістен көз ашпай келеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жеңілістен көз ашпай келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, оралдықтар кезекті ойындарын Первоуральск қаласында «СКА-Свердловск» (Екатеринбург) командасымен өткізіп, екеуінде де ірі есеппен жеңіліп қалды. Бірінші кездесу 2:9 есебімен аяқталып, онда «Ақжайықтан» Павел Чебаков пен ресейлік легионер Александр Чкалов көзге түсе алды. Екінші ойын 3:7 есебімен тәмамдалып, бұл жолы қонақтардан Болат Мұхит, команда капитаны Максим Өтебалиев және А.Чкалов бір-бір голдың авторы атанды.
Еске сала кетейік, ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар биылғы беташар ойындарында Краснотурьинскіде «Маяктан» 3:7, 4:8 есебімен жеңіліс тапқан болатын.
Батысқазақстандықтар келесі кездесулерін 23-24 желтоқсанда Оралда «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командасымен өткізеді.