Допты хоккей: Қазақстан құрамасының қарсыласы белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалда Норвегия командасымен күш сынасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Допты хоккей: Қазақстан құрамасының қарсыласы белгілі болды

Бүгін норвегтер фин құрамасынан 0:7 есебімен ойсырай ұтылып, А тобында төртінші орында қалды. Қазақстандықтар В тобында бірінші орынға ие болған еді. Осылайша, 2 ақпан күні Қазақстан мен Норвегия құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Мұнда жолы болған команда финалға шығу үшін Финляндия - АҚШ кездесуіндегі жеңімпазбен кездеседі.

Еске сала кетейік, ресейлік маман Ильяс Хандаев пен оралдық бапкер Николай Шавалдин жаттықтыратын қазақстандықтар өз тобында алдымен Венгрияны 29:0, сосын АҚШ командасын 14:1, бүгін Германия елінің өкілдерін 17:2 есебімен тізе бүктірген болатын. Бұл ойындарда, әсіресе, команда капитаны, Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев ерекше көзге түсті. Рауан қарсыластар қақпасына бірінші кездесуде сегіз, содан кейінгі екі матчта төрт-төрттен, барлығы  16 гол соқты. Сондай-ақ «Ақжайықтан» алынған Максим Өтебалиев, Сұлтан Қадыржанов және Орал допты хоккейінің тағы бір түлегі Ескендір Нұғмановтың да қанжығалары майланды. Сонымен қатар Германиямен өткен матчта қақпаға «Ақжайықтың» өкілі Нариман Такиров тұрды.

Бұған дейін әлем чемпионатының алты мәрте қола жүлдегері атанған қазақстандықтар өткен жылы Швецияда болған додада ширек финалда өзінің басты қарсыласы - Норвегиядан ұтылып қалған болатын. Сөйтіп күштілер тобынан ығысып қалған еді. Биыл соның қарымтасын қайтару үшін барын салулары тиіс.