Допты хоккей: Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында бақ сынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан жастар құрамасы Архангельск қаласында допты хоккейден өткен әлем чемпионатында бақ сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік додаға барлығы төрт команда қатысса, бұлардың үшеуі – Ресей, Швеция, Финляндия әлемдегі ең мықты құрамалар еді.

Қазақстан құрамасының негізінен оралдық «Ақжайық» командасының ойыншылары құрады.

Оралдық Еламан Әліпқалиев баптаған хоккейшілер барлық кездесулерінде қарсыластарына ірі есеппен есе жіберді.

Қола жүлде үшін соңғы бәсекеде қазақстандықтар финдермен айдынға шықты. Бұл ойында 26-минутта Ершат Амангелдиевтің есеп ашатындай керемет мүмкіндігі болды. Алайда оның 12 метрлік нүктеден соққан айып добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Бұдан кейін финдер дес бермей, 6:0 есебімен жеңіске жетті.

Финалда Швецияны 7:1 есебімен тізе бүктірген Ресей құрамасы әлем чемпионы атанды. Осылайша ресейліктер жастар арасында өз тарихында төртінші мәрте үздік шығып отыр.

Қазақстан құрамасынан қорғаушы Нұрбол Бөкешов «Турнир джентльмені» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ресейлік «Кировец» командасымен тең ойнағанын жазған болатынбыз.

Оралдықтар алдағы матчтарын 24-25 желтоқсанда «Динамо-Қазан-2» командасымен өткізеді. Бұл «Ақжайықтың» өз айдынындағы алғашқы кездесулері болмақ. Демек, Николай Шавалдиннің шәкірттеріне ұпай қорын толықтыруға толық мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар