Допты хоккей: Қазақстандық шабуылшы Ресей чемпионатындағы матчта бес гол соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресейдің суперлигасында Новосібірдің «Сибсельмаш» командасы «Строительді» (Сыктывкар) қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккей: Қазақстандық шабуылшы Ресей чемпионатындағы матчта бес гол соқты

«Сибсельмаш» стадионында өткен матч айдың иелерінің айқын басымдылығын паш етті - 10:4.

Бұл кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев бір өзі бес голдың авторы атанды.

Көптен бері «Сибсельмаш» сапында өнер көрсететін Р.Исалиев қазірдің өзінде клуб тарихындағы ең үздік мергендердің біріне айналып үлгерді.

Осының алдында 18 ақпан күні Киров қаласында жергілікті «Родинаның» қақпасына қос гол енгізген Рауан Ресей чемпионатында соққан доп санын 201-ге жеткізген еді.

Бендимен айналысуды Орал қаласында, «Ақжайық» командасында бастаған Р.Исалиев кейін ресейлік «Водник» (Архангельск), «Старт» (Нижний Новгород) клубтарында ойнады. 2012 жылдан бері «Сибсельмаштың» намысын қорғап келеді.

2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарының чемпионы әрі үздік мергені, 2012, 2013, 2014 және 2015 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері болды.

Рауан 2018 жылы Хабаровск қаласында өткен әлем чемпионатының үздік мергені атанды. Ол сонда 21 гол соғып, 7 мәрте нәтижелі пас берді.

Биыл Швецияның Венерсборг қаласында өткен әлем чемпионатынан да Р.Исалиев құр кетпей, төрт голдың авторы атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының әлем чемпионатында төртінші орынға табан тірегенін жазған болатынбыз.

Жуырда маусымды қорытындылаған «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев бастаған сегіз ойыншы Красноярск қаласында өтетін ХХІХ Қысқы универсиадада ел намысын қорғайды.

Бүгін олар Қазақстан құрамасы сапында Қысқы универсиадаға аттанды.

Фото: Sports.kz