Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» финалдық сайыстарға жолдама алды

Оралдықтардан команданың ең мерген шабуылшысы Сергей Башаев бұл жолы хет-триктің авторы атанса, сондай-ақ Петр Грибанов, Еламан Әліпқалиев, Андрей Гущин бір-бірден гол соқты. Оған қоса С.Башаев 45-минутта 12 метрлік айып добын енгізе алмады. Соған қарамастан, «Ақжайық» қонақтарды 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Ресейлік маман Владимир Кожевников баптайтын батысқазақстандықтар екінші топтағы соңғы ойындарын 21-22 ақпан күндері өз айдынында турнир кестесінде 45 ұпаймен көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен өткізеді. Оралдықтар 43 ұпаймен үшінші сатыда тұр.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, соңғы матчтардың нәтижесіне қарамастан, оралдықтар финалдық сайыстарға жолдама алды. Суперлига жолдамасы сарапқа салынатын финалдық турнир 28 ақпан - 6 наурыз күндері Сыктывкар қаласында өтеді. Оған әр топта үздік үштікке ілінген тоғыз команда қатысады.