Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» «Маякты» 8:1 есебімен ойсырата ұтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсетіп жүрген Оралдың «Ақжайығы» бүгін өз айдынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен екінші ойынында да жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл жолы айдын иелері осы топта 36 ұпаймен көш бастап келе жатқан қарсыласын 8:1 есебімен күйрете жеңді. Дегенмен бірінші таймда 33-минутта қонақтар (Дмитрий Ярославцев) есеп ашты. 41-минутта «Ақжайықтың» мерген шабуылшысы, ресейлік Сергей Башаев есепті теңестіріп үлгерді. Ал кездесудің екінші кезеңінде оралдықтар жауапсыз жеті доп соқты. С.Башаев барлығы алты доптың авторы атанса, команда капитаны Максим Өтебалиев пен Еламан Әліпқалиев «Маяктың» қақпасынан бір реттен саңылау тапты.
Сөйтіп осы матчтан кейін 28 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Дегенмен 27 ұпаймен үшінші сатыда тұрған «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасының екі ойыны кем.
Батысқазақстандықтар келесі кездесулерін 21-22 қаңтарда өз айдынында алтыншы орындағы «СКА-Свердловск» (Екатеринбург) командасымен өткізеді. Демек, ұпай қорын молайта түсуге мүмкіндіктері мол.