Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» соңғы екі ойынында да жеңіліп қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчтарын Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, кеше айдын иелері 4:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында «Ақжайықтан» команда капитаны Максим Өтебалиев пен ресейлік легионер Максим Никишов гол соғып, көзге түсе алды. Бүгін «Знамя-Удмуртия» қарсыласын 4:0 есебімен шаң қаптырды.
Осы турдан кейін ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар 7 ұпаймен алтыншы орынға сырғыды. Олар келесі кездесулерін 17-18 желтоқсан күндері Орынборда турнир кестесінде 9 ұпаймен төртінші орында келе жатқан «Локомотивпен» өткізеді.