Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан қола жүлде үшін бәсекеде жеңіліп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан мен Финляндия құрамалары қола жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан қола жүлде үшін бәсекеде жеңіліп қалды

Бұл матч финдердің басымдылығымен өтті. Олар бірінші таймда 3:1 есебімен алда тұрса, кездесудің екінші бөлігінде 8:4-ке жеткізді. Қазақстаннан команда капитаны Рауан Исалиев қос голдың авторы атанса, Дмитрий Завидовский мен Артем Вшивков бір-бірден доп соқты.

Осылайша, бұған дейін әлем біріншілігінің алты мәрте қола жүлдегері атанған қазақстандықтар сол табысын қайталай алмады.

Бір жұбантарлығы, биыл ресейлік маман Ильяс Хандаев жаттықтырған команда жартылай финалға шығып, үздік төрттіктің қатарына қайта қосылды. Дүниежүзілік додаға Оралдың «Ақжайығынан» қақпашы Нариман Такиров, жартылай қорғаушы Сұлтан Қадыржанов, шабуылшы Максим Өтебалиев қатысты. Р.Исалиевке қоса Орал допты хоккейінің түлектері Денис Максименко мен Ескендір Нұғманов та ел намысын қорғады. Дегенмен, құрамада негізінен түптамыры ресейлік ойыншылар өнер көрсететінін ескерсек,  Қазақстанның өзінде шайбалы хоккейдегі Астананың «Барысы» секілді кемінде бір суперклуб құрмайынша, жағдайдың жақсара қоймасы анық. Оралдың «Ақжайығы» бүкілресейлік жарыста әзірге жоғары лигадан аса алмай келеді.