Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ульяновск қаласында допты хоккейден ХХХVІ әлем чемпионатының қола жүлде үшін бәсекесінде Қазақстан құрамасы шведтермен айдынға шықты.
Негізі әлемдегі екі мықты команда Ресей мен Швеция болып есептеледі. КСРО құрамасын есепке алмағанда, ресейліктер тоғыз рет әлем чемпионы атанса, одан кейін бұл жөнінен шведтер басқа ешкімге дес бермей келеді. 1957 жылдан бері дүниежүзілік додаға қатысып келе жатқан Швеция өз тарихында үшінші орыннан төмендеп көрген емес.
Алайда топтық бәсекеде фин құрамасын (9:1), қазақстандықтарды (11:4), ресейліктерді (6:3), содан кейін ширек финалда Латвияны 28:3 есебімен ұтқан Швеция жартылай финалда білгенінен жаңылып, күтпеген жерден жеңіліп қалды. Шведтердің ойын тактикасын әбден зерттеген финдер аса тартысты ойында 3:2 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Финдер де - әлемдік сында чемпион атанып көрген команда. Ал ресейліктер жартылай финалда Қазақстан құрамасын 16:6 есебімен ойсырата жеңіп, финдердің қарсыласы атанды.
Осылайша, қола жүлде үшін кездесуде Алексей Никишовтың шәкірттері әлемдегі үздік команданың бірімен бақ сынауға мәжбүр болды. Ойын басында бұрыштамадан кейін шведтер есеп ашты. Бұдан кейін қос команданың да гол соғатындай мүмкіндіктері болғанымен, бірінші таймда есеп өзгерген жоқ. Әсіресе, тайм соңында Сергей Почкуновтың 12 метрлік айып добын енгізе алмауы қазақстандықтардың таразы басын теңестіруіне жол бермеді. Екінші таймда шведтер есепті 4:0-ге жеткізді. Қазақстандықтар қарымта қайтармақ түгілі, бір гол соға алмай, пұшайман болды. Матч барысында Қазақстан құрамасының қақпашысы Андрей Рейн өз қақпасын жанын салып, қорғағанымен, шведтердің дәл соққыларын үнемі тойтару мүмкін емес-ті. Сөйтіп қазақстандықтар төртінші орыннан аса алған жоқ.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатының алты мәрте қола жүлдегері атанған еді. Олардың бәрінде де қазақстандықтар финдерді ұтқан еді. Қазіргі кезде Қазақстан құрамасында негізінен жасы келген хоккейшілер ойнайды. Мысалы, Сергей Почкунов ойынды мүлдем қойып кетсе де, бапкерлердің өтінішімен қайта оралуға мәжбүр болды. Ал жартылай қорғаушы Леонид Бедарев 36-да, тағы бір жартылай қорғаушы Андрей Ковалев пен шабуылшы Вячеслав Бронниковтың жасы 35-те. Лек-легімен қосылып жатқан жастар болмағаннан кейін үнемі ардагерлерге арқа сүйеудің ақтамайтыны анық.
Қазақстанда допты хоккей күні бүгін Оралда ғана жақсы дамыған деп айтуға болады. Биыл құрылғанына 40 жыл толатын Оралдың «Ақжайығы» өзімізде чемпионат өткізілмейтіндіктен, «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнап жүр. Осы жолы әлем біріншілігінде Орал допты хоккейінің түлектері, команда капитаны Рауан Исалиев, сондай-ақ Леонид Бедарев, Денис Максименко, қақпашы Ілияс Хайрекешев өнер көрсетті. Қазақстанның өзінде біріншілік ұйымдастырып, қалаларда командалар жасақтамай, допты хоккей алға басады деп айту қиын.