Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Норвегияны 6:1 есебімен ойсырата ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ерофей» стадионында қазақстандықтар матчты сәтті бастап, 7-минутта Артем Вшивков есеп ашты. 15-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Максим Рязанов есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен норвегиялықтар да қарап қалмай, 25-минутта Николай Йенсен жауап гол соқты. 44-минутта Қазақстан құрамасының капитаны, Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев қарсыластар қақпасына үшінші допты енгізді.
Екінші таймда 78 және 79-минутта Р.Исалиев қатарынан екі мәрте мергендік танытып, есепті 5:1-ге жеткізді. 89-минутта А.Вшивков 12 метрлік айып добын дәл орындады.
Жартылай финалда Ильяс Хандаев жаттықтыратын қазақстандықтар Швеция құрамасымен кездеседі.
Айта кетейік, өткен жылы Швецияда өткен чемпионаттың ширек финалында Қазақстан құрамасы норвегтерді 4:0 есебімен жеңіп тұрып, ұтылып қалған болатын. Сөйтіп жартылай финалға шыға алмағаны өз алдына, үздік төрттіктің қатарынан ығысқан еді. Биыл сол олқылықтың есесін қайырды.