Допты хоккейден ӘЧ: кезінде Оралда ойнаған Сергей Битков 60 жасында гол соқты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Сандвикен қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында қызықты дерек тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Допты хоккейден ӘЧ: кезінде Оралда ойнаған Сергей Битков 60 жасында гол соқты

Сенбі күні 7-8-орындар үшін өткен бәсекеде Германия құрамасы белорустарды 12:7 есебімен ұтты. Міне, осы матчта қазіргі кезде неміс елінің намысын қорғайтын Сергей Битков 36-минутта қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Допты хоккейден Қазақстан құрамасының аға бапкері, Батыс Қазақстанда туып-өскен Марат Маңғубаевтың айтуынша, бұл биыл 37-інші рет өткізіліп отырған әлем біріншілігі тарихында осыған дейін кездеспеген жайт еді. Яғни 60 жасында ешкім гол соғып көрмеген болатын. 1956 жылы 29 қарашада дүниеге келген С.Битков - допты хоккейден КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, түрлі клубтарда ойнап, соның ішінде «Динамо» (Алматы) құрамында 1977 жылы КСРО чемпионы атанды. Ал Оралдың «Геологымен» (қазіргі «Ақжайық») бірге 1981-1991 жылдары айдынға шығып, өңірдегі допты хоккей тарихында өз ізін қалдырды. 1997 жылы Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысқан. Германияға біржола көшкеннен кейін сол елдің намысын 2014 жылдың қаңтарынан бері қорғап келеді. Германия құрамасында С.Битковтан басқа бұрынғы оралдықтар Дмитрий Кузьмин, Павел және Пауль Савченколар да ойнайды.

Айта кетейік, ширек финалда норвегтерден ұтылып, жүлде үшін таласа алмаған Қазақстан құрамасы 5-6-ыншы орындар үшін матчта АҚШ хоккейшілерін 10:4 есебімен тізе бүктірді. Бұл кездесуде Орал допты хоккейінің түлегі, Новосібірдің «Сибсельмашының» шабуылшысы, құрама капитаны Рауан Исалиев  ойнамағаннан кейін команданы айдынға тағы бір батысқазақстандық, қазір Швецияның «Каликс» клубында жүрген Леонид Бедарев бастап шығып, қос голдың авторы атанды. Ал қақпаны оралдық Ілияс Хайрекешев қорғады.