Допты хоккейден ӘЧ: Жартылай финалдағы қарсыласымыз анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасына қарсы ойнайтын команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жартылай финалда отандастарымыз Швеция құрамасымен кездесетін болды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы ширек финалда Норвегияны жеңіп, доданың жартылай финалына өткенін осыған дейін жазған болатынбыз.
Жартылай финалдағы Қазақстан құрамасының қарсыласы Швеция мен Венгрия құрамалары арасындағы кездесуде анықталды. Бұл ойында швед ойыншылары қарсыластарын 16:3 есебімен жеңіп, ақтық сынға шықты.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңінде үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алдымен біздің құрама Венгрияны 29:0 есебімен жеңсе, кейін АҚШ құрамасын 14:1, Германия құрамасын 17:2 есебімен ұтты.