Допты хоккейден «Ақжайық» қарсыласын ірі есеппен ұтты
Кеше өткен ойында Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:7 есебімен есе жіберген еді.
Бұл жолы айдын иелері бірінші таймда-ақ айқын басымдылық танытып, мәселені шешіп тастады - 6:2.
Екінші кезеңде командалар тең түсті - 2:2. Қорытынды есеп - 8:4, «Ақжайықтың» пайдасында.
Осылайша, оралдықтар ірі есеппен есе қайырды. «Ақжайық» сапынан ресейлік легионер Артем Лапшин хет-триктің авторы атанды. Тағы бір ресейлік Александр Слугин 2, Максим Пахомов, Самат Аманшин, Дәурен Оралов бір-бірден гол соқты. Қонақтардан команда капитаны Дмитрий Чернов 3, Арсений Лоскутов 1 гол соғып, көзге түсті.
Үшінші топта 21 ұпаймен төртінші орында тұрған батысқазақстандық команда қалған кездесулерін сырт айдында өткізеді. 10-11 ақпанда Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртия» командасымен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш басындағы командадан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Фото - «Ақжайық» СК.