Допты хоккейден финал: «Ақжайық» екінші жеңісіне қол жеткізді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Красноярск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде «Ақжайық» екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралдықтар А тобында бүгін «Водник-2» (Архангельск) командасымен айдынға шықты.

Тартысты өткен матчта «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Максим Пахомов есеп ашты. Әйтсе де қарсылас командадан Никита Баев пен Дмитрий Гнибеда қатарынан екі гол соқты. Дегенмен М.Пахомов 12 метрлік айып добын дәл орындады – 2:2. Бұдан кейін М.Пахомов «Ақжайықты» алға шығарғанымен, Арсений Козлов таразы басын теңестірді – 3:3.

Екінші таймда «Водник-2»-ден Даниил Баев, «Ақжайықтан» ресейлік легионер Александр Слугин көзге түсті. Бұдан кейін оралдықтардың капитаны Максим Өтебалиев ойын тізгінін қолға алды. Оның голына А.Козлов жауап қайырғанымен, матч аяқталуына 10 минуттай уақыт қалғанда, Максим жеңіс добын соғып кетті.

Есеп – 6:5, «Ақжайықтың» пайдасында.

Осылайша Николай Шавалдиннің шәкірттері финалдық турнирде үш кездесудің екеуінде қарсыластарынан басым түсті.

Жарыс жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» екінші кездесуінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар