Допты хоккейден финал: «Ақжайық» жетінші орынға ие болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Красноярск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдың «Ақжайығы» 7:8 орындар үшін «Сибсельмаш-2» (Новосібір) командасымен сынға түсті.
Аталмыш қос команда финалдағы өз тобында төртінші орынға шыққан еді.
Бірінші таймда новосібірліктер алда болды - 3:2. Екінші кезеңде оралдықтар таразы басын теңестірді - 6:6.
Қосымша уақытта Николай Шавалдиннің шәкірттері жеңісті жұлып алды - 7:6.
Бұл ойында «Ақжайықтың» сұрмергені Максим Пахомов бес голдың авторы атанды. Тағы бір ресейлік легионер Сергей Башаев қарсылас қақпасына қос доп енгізді.
Осылайша оралдықтар финалдық кезеңде 7-орынға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» А тобында соңғы кездесуін өткізгенін жазған болатынбыз.