19:24, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Допты хоккейден ІІ қысқы спартакиада ойындарында батысқазақстандықтар жеңімпаз атанды
ОРАЛ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ақпанның 27-сінде Оралдағы «Жастық» стадионында допты хоккейден Қазақстанның ІІ қысқы спартакиада ойындары мәреге жетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Барлығы сегіз команда қатысқан жарыстың финалында БҚО мен Солтүстік Қазақстан облысы құрамалары кездесіп, батысқазақстандықтар 6:2 есебімен жеңіске жетті. Мұнда айдын иелерінен Асқар Темірғалиев пен Самат Аманшин бір-бірден, команда капитаны Еламан Әліпқалиев пен Нұрлан Оразғалиев екі-екіден қарсыластар қақпасына доп енгізді. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәулет Рафиков пен Александр Рожков баптаған Батыс Қазақстанның жеңімпаз командасында негізінен жастар ойнағанын атап өткен жөн. Бұл 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енетін допты хоккейден Қазақстан құрамасы болашағының бар екендігін де көрсетеді.
Қола жүлде үшін бәсекеде шығысқазақстандықтар Ақтөбе облысы ( Хромтау ) командасынан 7:6 есебімен басым түсті.