Допты хоккейден Қазақстан құрамасына «Ақжайықтан» Максим Өтебалиев алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Сандвикен қаласында 29 қаңтар - 5 ақпан аралығында допты хоккейден өтетін ХХХVІІ әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасына Оралдың «Ақжайығынан» команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев алғаш рет шақырту алып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Допты хоккейден Қазақстан құрамасына «Ақжайықтан» Максим Өтебалиев алынды

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, Максим биылғы маусымда өте жақсы өнер көрсетіп жүр әрі команда мергендерінің бірі.

Қазақстан құрамасы сапында сондай-ақ Орал допты хоккейінің түлектері, қақпашы Ілияс Хайрекешев, қазіргі кезде басқа елдердің клубтарында ойнап жүрген жартылай қорғаушы Леонид Бедарев (Швеция, «Каликс»), шабуылшылар Рауан  Исалиев (Ресей, «Сибсельмаш») пен Ескендір Нұғманов (Норвегия, «Хёвик») ел намысын қорғамақ. Бұдан бұрын Саратовтың «Универсалында» ойнаған І.Хайрекешев аталмыш клуб тарап кеткеннен кейін командасыз қалды, ол Оралда жаттығуда.

Бұған дейін алты мәрте әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған қазақстандықтарды бұрынғыша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастаған мамандар баптайды.

«Соңғы кезде Қазақстан құрамасы едәуір жаңарды. Мысалы, Ресейдің «Водник» командасынан (Архангельск) бес бірдей жаңа ойыншы алынды. Өткен жылдан бері құраманы барынша дайындау үстіндеміз. Бұрыннан ойнап келе жатқан тісқаққан бенди шеберлері де жоқ емес. Мақсат біреу - жүлделі орындар үшін барымызды салу», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне құраманың аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Маңғубаев.

Айта кетейік, биылғы әлемдік додада қазақстандықтар беташар матчын 30 қаңтар күні алтын жүлдеден басты үміткердің бірі Ресей құрамасымен өткізеді. Содан кейін 31 қаңтарда өз айдынында чемпиондық атақты жеңіп алуға тырысатын Швециямен, 1 ақпан күні Финляндия хоккейшілерімен күш сынасады. Сосын плей-офф ойындары басталады.