Допты хоккейден Қазақстан жастар құрамасын түгелге жуық оралдықтар құрап отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 27-29 қаңтар аралығында Ресейдің Сыктывкар қаласында 19 жасқа дейінгі жастар арасында допты хоккейден әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Ақжайық» спорт клубынан түскен мәліметке қарағанда, Александр Рожков пен Зәкіржан Артықов баптайтын Қазақстан құрамасын түгелге жуық оралдықтар құрап отыр. Қазақстандық жастар 27 қаңтар күні әуелі Швеция, содан кейін Финляндия құрамасымен ойнайды. Ал келесі күні Ресей мен Норвегия елінің бенди шеберлерімен айдынға шығады. Егер осы кездесулерін сәтті өткізсе, жүлдеге таласа алады.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде Қазақстандағы допты хоккейден жалғыз клуб - «Ақжайық» командасының Ресей чемпионатының жоғары лигасында ойнап жүргені белгілі. Швецияның Сандвикен қаласында 29 қаңтар - 5 ақпан аралығында допты хоккейден ересектер арасында өтетін ХХХVІІ әлем чемпионатына баратын Қазақстан ұлттық құрамасына «Ақжайықтан» команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев қана алынып отыр. Оған қоса Қазақстан құрамасы сапында Орал допты хоккейінің түлектері, қақпашы Ілияс Хайрекешев, қазіргі кезде басқа елдердің клубтарында ойнап жүрген жартылай қорғаушы Леонид Бедарев (Швеция, «Каликс»), шабуылшылар Рауан Исалиев (Ресей, «Сибсельмаш») пен Ескендір Нұғманов (Норвегия, «Хёвик») өнер көрсетпек.
Допты хоккейден Қазақстан құрамасының аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері және жаттықтырушысы Марат Маңғубаевтың айтуынша, «Ақжайықтың» тағы бір түлегі Денис Максименко биылғы әлемдік додаға жарақатына байланысты қатыса алмайды. Ал бұрынғы оралдықтардың тағы бір тобы Германия құрамасы сапында айдынға шықпақ.