Дордой базарында жемқорлық схемасын жасап алған 5 салық қызметкері ұсталды

«Дордой» сауда-базар кешенінде салық жинауға жауапты мемлекеттік салық қызметінің 5 қызметкері ұсталып, уақытша изоляторға қамалды. Kazinform бұл туралы Қырғыз Республикасы ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

салық
Фото: Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, салық қызметкерлері баю мақсатында «Дордой» сауда ойын-сауық кешені кәсіпкерлерінің салық төлеуден жалтару бойынша сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырып, кейіннен бұл салық реформасын жүзеге асыруға кері әсерін тигізген. 

Олар сыбайлас жемқорлық схемасымен 5-6 жыл бойы жұмыс істеп, мемлекеттік салық қызметінің лауазымды тұлғалары көрсеткен қызметі үшін жалтарудың әр  фактісіне ақшалай сыйақы алып отырған. 

«Дордой» сауда ойын-сауық кешенінің бір базарының аумағында 600-ден астам сауда орны болса, соның ішінде тек 400 кәсіпкерден салық түскен.

Қазіргі уақытта аталған іске қатысы бар басқа лауазымды тұлғаларды анықтау, сондай-ақ мемлекетке келген шығын көлемін анықтау бойынша тиісті тергеу жүріп жатыр.

Бұған дейін Қырғызстанда Қамшы Көлбаевпен және Райымбек Матраимовтың мафиясымен жасырын байланыста болған түрлі дәрежедегі 226-дан астам мемлекеттік қызметкер әшкереленіп, оның 180-нен астамы қызметінен шеттетілген еді.