Дос Көшім: Біз даярлаған доктрина қазіргі қоғамға сай деп ойлаймын

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Біз даярлаған доктрина қазіргі қоғамға сай деп ойлаймын. Бұл туралы Астанада Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихатында «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім мәлім етті,

Дос Көшім: Біз даярлаған доктрина қазіргі қоғамға сай деп ойлаймын

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтардың 29-ындағы алғашқы кездесуде біз талап қоюға емес, бірлесіп жұмыс істеуге келдік. Осы тұрғыда жұмыс тобы құрылып, соның аясында жұмыстың нәтижесін шығардық»,-деді Дос Көшім.

Азаматтық қоғам мен билік бірге отырып өте маңызды, өте күрделі және өте қиын мемлекеттік деңгейдегі құжат әзірлегенін айтып өткен ол, «мемлекеттік тұрғыдағы ұлттың, ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжатты дүниеге әкелді. Осы уақытқа дейін бұндай жағдай болған жоқ»,-деді.

«Жұмыс оңай болған жоқ. Комиссияда түрлі адамдар болды. Атап айтқанда солардың барлығы бірауыздан құжатты қабылдағаны шындығында да біздің төккен теріміздің арқасы. Кейіннен бұқара тереңірек танысқаннан кейін өздерінің бағасын бере жатар. Сондықтан оның бірауыздан қабылдануы біздің жұмысқа берілген баға деп ойлаймын», - деді Д. Көшім.

Доктринаның мәтініне тоқталған ол, «алғаш шыққан доктрина мен біздің дайындаған құжатты алып қарасаңыздар, соңғы доктринаның мәтіні мен құрылымы мүлдем өзгерді. Атап айтқанда, бұл доктриналық деңгейде құрылымдалды», деді.

«Біз көп іздендік. Екеуін қосып едік, одан еш нәрсе шыға қоймады. Тіпті ол доктринаға ұқсамай кетті. Сондықтан шындығында нақты доктринаның жасалуының өзі де алғашқы жаңалық секілді болды. Әрине, әркімнің көңілінде тағы да бірдеңе қалды. Яғни, бұнда өзге ұсыныстар мен толықтырулар енгізуге қатысты. Бірақ, қазіргі биліктің көзқарасы, қазіргі біздің қоғамымыздың қабылдау деңгейін, бүгіндегі қазақтың ділін - барлығын айналып келгенде, біздің даярлаған доктрина қазіргі қоғамға сай деп ойлаймын», - деп атап өтті Д. Көшім.