«Дос Көшім: Ұлттың жанашыры - сол ұлттың бар­лық өкілдері деп білемін» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 8 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Дос Көшім: Ұлттың жанашыры - сол ұлттың бар­лық өкілдері деп білемін» - баспасөзге шолу

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналардан зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты Қазақстан халқына үндеу жариялады. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген үндеуде: «Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын. Біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайлы қаралды. Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихат­тау ісі дұрыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде, қазақстандық­тардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды. Бүгінде зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу керек екені анық! Бұл - жаһандық үрдіс. Еуропа одағы мен әлемнің өзге де елдері дағдарыс пен құлдырау жағдайында осылай жасауға мәжбүр болды», - делінген. Сөйтіп, Президент қиын түйінді тарқатты. Елбасымыз халыққа Үндеу арнап, зейнетақы реформасының қажеттігін дәлелдеп айтты, сонымен бірге оны жүзеге асырудың көкейге қонымды жолын да көрсетті.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Атбасар аудандық соты мен прокуратура ғимаратына 6 мау­сым күнгі 03 сағат 25 минутта белгісіз біреулер жанғыш зат құйылған шөлмектер мен тас лақтырған. Осының салдарынан сот ғимаратында өрт шығып, екі қабатты үйдің оң қанатын жалын шарпыды. Мекеме күзетшісі бұл туралы тиісті мекемелерге дер кезінде хабарлаған. Бірақ, ол бұзақылардың бет әлпетін анықтауға мүмкіндік болмағанын айтады. Облыстық ішкі істер департа­мен­ті баспасөз қызметінің жетек­ші­сі Гүлнар Пинчуктің мәлімдеуінше, төтенше жағдай түн ортасында орын алғандықтан, зардап шеккендер жоқ. Әйтсе де сот төрағасының қызмет бөлмесі, мәжіліс залы, кеңсе мен істерді сараптау бөлмесіне елеулі зақым келтірілген. Қолда бар құжаттардың біршамасы, 4,5 шаршы метр аумақтағы жиһаздар жанып кеткен. Өртті ауыздықтауға Атбасар қаласындағы өрт сөндіру қызметінің үш арнайы техникасы мен бес адамдық бригада жұмылдырылыпты. Ақпарат «Тексеру жұмыстары атқарылуда» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшіммен арадағы сұхбат «Ұлттың жанашыры - сол ұлттың бар­лық өкілдері деп білемін» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол : «Біздің қоғамның тілдік белгісіне қа­рап екіге жарылғаны да ешкімді таңғалдырмайды. Бір шаңырақтың ас­тында өмір сүріп жатқан орыстілді қауым мен қазақтілді қауымның оқи­тын кітабы да, көретін киносы мен ха­барлары да, әңгімелерінің тақы­рып­тары да әртүрлі. Керек десеңіз, біз­дер әртүрлі оқиғаларға түрлі баға береміз (әсіресе, Шаңырақ оқиғасына, Желтоқсанға, немесе Жаңаөзен оқи­ғасына екітілдік ортаның бір-бірі­не қарама-қарсы пікір білдіргені бәрімізді де ойландыруы керек.) Біртілдік қауым­ның дұрыс дегені екіншісі үшін теріс деген баға алады... Бұл әрал­уандық мақсат бірлігіне алып ке­леді деп ешкім де айта алмайтын бо­лар. Әсіресе, қазақ ұлтының өзек­ті мәселелеріне, оның шешілу жол­да­рына деген орыстілді қауымның көз­қарасы сын көтермейді. Бұл тек «Лад» не «Славян, орыс және казак ұйым­­да­рының асссоциациясы» сияқты бір­ді-екілі ұйымдардың үндеулерінен емес, қарапайым адамдармен пікір­лес­кенде де ашық көзге түседі. Жер-су атау­ларын өзгертіп, тарихи атауларын қай­тару мәселесінен бастап, қазақ мек­тептерін ашу мәселесіне дейін біз­­дің алдымыздан түсіністік пен қол­дау­­дың орнына үнсіз, дәлелсіз, ішкі қар­­сылық шығады. Әрине, мүмкін, ме­нің бұл жеке пікірім - тым қатаң баға бо­лар, бірақ ауруын жасырған...», - деді.

«Кеше еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель Мешімбаева ханымның Ресейде «босқын мәртебесін» сұрауы мүмкіндігін де жоққа шығармады. Бұл күні Астанада посткеңестік кеңістік елдері прокурорларының саммиті өткен болатын. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас прокуратураларының халықаралық құрылымдары басшыларының кездесуіне солтүстік көршімізден келген делегация өкілдері бұл тақырыпқа түсініктеме бермеді. Өйткені бұл мәселе көші-қон қызметінің құзырына жататын көрінеді», - деп жазады «Айқын» газеті.

«Мешімбаеваның өзін Қазақстанға беру туралы шешімге Ресей Феде­ра­циясының аудандық сотынан бастап, Жоғарғы сотына дейін қарсылық білдіруге құқы бар. Бұл белгілі бір уақытты қажет етеді. Бұған қоса, А.Мешімбаева Ресейдің құзырлы орган­дарына жүгініп, өзіне босқын мәртебесін беруді сұрай алады. Бұл да белгілі бір уа­қытқа созылады», - деді И.Меркель.