Достықты ту еткен «Birlik» ансамблінің тұңғыш концерті өтті

концерт
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алғыс айту күніне орай «Бейбітшілік және келісім» сарайында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан құрылған «Birlik» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті.

Думанды кешке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Мәжіліс және Сенат депутаттары, дипломатиялық корпус, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Аты айтып тұрғандай, «Birlik» әлем халықтарының мәдениетін насихаттайды. Мәдени ұжым әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылған. 

Әр халықтың әні мен биін аспаптық сүйемелдеумен орындайтын халықаралық ұжымның құрамына елімізде тұратын этнос өкілдерінің арасынан үздік 20 биші мен музыкант іріктеліп алынған. 

Концерт
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Ұжымның ерекше әрі эксклюзивті би композицияларын қоюға Ресей, Татарстан, Өзбекстаннан шақырылған көрнекті шетел мамандары және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атсалысқан. Олардың қатарында Өзбекстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Эвелина Протасова, Одилбек Орипов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Омбы мемлекеттік орыс халық хорының бас балетмейстері Зуфар Толбеев, Татарстан Республикасының Халық әртісі, Татарстан Республикасының Мемлекеттік ән-би ансамблінің педагог-хореографы Ляйсан Хаметова, отандық хореографтар Аида Бекішева, Анель Марабаева, Жаңатай Қожабек бар.

– «Birlik» ансамблінің ерекшелігі біздің елде тұратын этнос өкілдерінің әртістерінен жасақталып отыр. Отанымыздағы әр халықтың өнері мен мәдениетін, фольклорын, тіпті ұмытуға айналып бара жатқан құндылықтарын көрсетуді көздедік. Олардың әрқайсысының әні мен биінен бөлек аспаптары – өз алдына бір төбе. Сонымен қатар еліміздегі этностардан құралған ансамбль арқылы рухани тұтастықты әйгілегіміз келеді. Ансамбльде әншілер, бишілер, әртүрлі аспапта орындаушылар өнер көрсетеді. Өнерпаздарды біз небәрі бір жарым айдың ішінде іріктеп алдық, - дейді жобаның режиссері Қарлығаш Әжиева.

Концерт
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Ансамбльде қазақ қыздарымен қатар өзге ұлт өкілдері де баршылық. Атап айтқанда, орыс, кәріс, өзбек, тағы басқа этнос өкілдері бар. Бұлардың бәрі астаналық емес, басқа да аймақтардан іріктелген.

Осылайша, концертте көрермендер орыстың қызы өзбек биін, украин қызы кәріс биін, татар, орыс қызы қазақтың биін билегенін тамашалай алды. Тек қана би емес, әртүрлі жанр қамтылды. Ән, музыка, хор, этностардың ұлттық аспаптары небәрі 15 нөмірге сыйып, өнерпаздар жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.

Концерт
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Айта кетейік, Қазақстанда тұратын этностардың фольклорын насихаттау мақсатында репертуар жаңарып, дамыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ансамбль құрамында жастармен қатар алыс-жақын шетелдердегі Достық елшілері атанған Қазақстанның жетекші орындаушылары да болады.

Соңғы жаңалықтар