Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол құрылысы салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолды салу пойыздар қозғалысының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Достық-Мойынты учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енгізілген болатын. Негізгі мақсат – «Қытай-Еуропа-Қытай» транзиттік дәлізі бойынша теміржол транзиттік тасымалдары барысында еліміздің басымдығын сақтау», - делінген министрлік хабарламасында.

Жобаны іске асыру жүктерді тасымалдау жылдамдығын арттыруға және өткізу қабілетін 12-ден 60 жұп пойызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ, пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттыруға жағдай жасап, басқа да аралас салалардың дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына шамамен 6 мың адам жұмылдырылатын болады», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Айта кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті болып қалу үшін теміржол тасымалдарын арттыруды тапсырды.

«Жолдардың өткізу қабілетін арттыру үшін тар жерлерді кеңейту керек. Осыған байланысты Достық-Мойынты теміржол учаскесінің өткізу қабілетін арттыру керек және электр энергиясын көптеп енгізу қажет», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар