Достық үйі Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының бірегей символы – профессор Георгий Кан

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда орналасқан «Достық үйі» Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының алғашқы әрі бірегей символы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан корейлері қауымдастығы төрағасының кеңесшісі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Георгий Кан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, 2021 жылы ашылған «Достық үйінде» 35 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

«Мұнда жастар диалогы мен шығармашылық алаңдар қызметіне ерекше назар аударылады. Ең бастысы, Достық үйі республикалық ауқымдағы ірі іс-шаралар өтетін орынға айналды. Мұнда түрлі әлеуметтік жұмыстар атқарылады, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Әсіресе, бұл пандемия, локдаун кезеңінде байқалды. Ассамблея азық-түлік, дәрі-дәрмек, бетперде тасымалдайтын мобильді топ құрды. Мысалы, корей театрында әртістер бетперде тікті», - деді Георгий Кан.

Ол сондай-ақ, Ассамблеяға биыл жаңа міндеттер жүктелгенін айтты.

«Мемлекет басшысының, Парламенттің, жергілікті мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы жарияланды. Ассамблеяның барлық төрағалары бір командада жұмыс істейді. Біз ашық, объективті сайлауға, сенім мандатына күш жұмсайтын боламыз», - деді ол.

Спикер өз сөзінде биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Айта кетейік, Алматыда 10 республикалық және 4 өңірлік этно-бірлестік бар.


Соңғы жаңалықтар