Досжанды жеңіс тұғырынан көремін деп ойлаймын - Нұрбақыт Теңізбаев, грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев балуандар туралы талдау жасап, Фейсбуктегі жеке парақшасында жариялады.
«Достар!!! Рио олимпиадасының алдында кішігірім шолу жасап Фейсбукке салып жатырмын, мақсатым Қазақстан грек-рим күресінен құрама командасының балуандарымен жақын таныстыру», - деп сөзін бастаған Нұрбақыт Теңізбаев.
Ол жұртшылық балуандарды қола немесе күміс алды деп жаңалықтан ғана танысқанымен, сол жетістікке спортшының қалай жеткенін біле бермейді дейді.
«Сондықтан, Сіздерге Рио олимпиадасы алдында, балуандарымыз туралы ақпарат ұсынамын», - дейді әлеуметтік желісінде Теңізбаев. Ол осы жасбасында 75 келі салмақ дәрежесіндегі балуандардың әлем рейтингідегі орны туралы кеңінен тоқталып, көш басында кімдердің тұрғанын айтады.
«75 келі салмақ дәрежесіндегі күрес ең тартымды, публикаға ұнайтын салмақтардың бірі. Рейтинг бойынша 1- орында Ресейлік Роман Власов тұрақталған. 2- орында біздің Досжан Картиков, 3 -орында Оңтүстік Корей елінің балуаны Kim Hyeon-woo. Ресейлік Роман Власов күресті 6 жасынан бастаған. Қазірде Лондон олимпиадасының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы, 2 дүркін Европа чемпионы деген атағы бар балуан. Еліміздің атынан Риода өнер көрсететін Досжан Картиков 2015 жылғы Лас-Вегастағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Лас-Вегастағы кілемде сенсация жасап, Оңтүстік Корея елінен келген Олимпиада чемпионын ұтқан және Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Армениялық Арсен Джулфалакянның жауырынын жерге тигізгенін сол жерде отырып көрген едік», - дейді Нұрбақыт Теңізбаев.
Сондай-ақ, белгілі балуан Досжанның жетістіктерін де айта кеткен.
«Бұл салмақта әрине, чемпиондық біздің Досжанға бұйыртса екен дейміз, Досжан әлемдік рейтингтің басында көрінуі жәй емес, өзінің еңбегімен, әлем чемпионатында араға 15-20 минут салып күресіп жүрді, оның өзінде жақсы нәтиже көрсетіп келді. Әрбір белдесудің арасында 15-20 минут қана демалу дегенді өз тәжірибемнен білемін келесі белдесуге жиналу оңай емес. Алайда, біздің Досжанда тез жиналып алу сияқты жақсы қасиеттері бар. Бұйырса, Досжанды жеңіс тұғырынан көремін деп ойлаймын!», - дейді Теңізбаев өз парақшасында.