Дойбыдан ел чемпионаты: Қазақстанның үздік командасы анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында дойбыдан мәреге жеткен ел чемпионатында БҚО құрамасы үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ерлер, әйелдер, 23 жасқа дейінгі жастар және 20 жасқа дейінгілер арасында өткен біріншілікке еліміздің тоғыз өңірінен 58 дойбышы қатысты.
Ойыншылар дойбының классика, рапид және блиц түрлерінен сынға түсті.
Жарыс қорытындысында алты дойбышымен барған БҚО құрамасы сегіз бірдей алтын медальді жеңіп алды. Классикадан 20 жасқа дейінгілерден Әділхан Мейрам мен Тоғжан Тәжібекова, 23 жасқа дейінгілерден Елизавета Бапиева жеңіс тұғырына көтерілді. Рапидтен 20 жасқа дейінгілерден Нұрсат Тастеев пен Тоғжан Тәжібекова чемпион атанды. Блицтен 20 жасқа дейінгілерден Айшат Ақылбек пен Әділхан Мейрам үздік шықты. Әсіресе, ерлермен сынға түскен 14 жасар Анель Дәулетованы ерекше атап өтуге болады. Ол 23 жасқа дейінгілер арасында рапидтен ешкімді шыдатпаса, жалпы есепте екінші орынға ие болды.
Осылайша БҚО-дан барған алты дойбышының бәрі де жеңімпаз атанды.
Жалпыкомандалық есепте БҚО құрамасы озық шықса, түркістандықтар екінші, астаналықтар үшінші, қарағандылықтар төртінші орынға ие болды.