Драматургтер қандай тақырыпқа барса да оған бүгінгі көзбен қарауы керек ? Д. Исабеков
АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шынайы драматургтің қателеспейтін бір-ақ нәрсесі бар, ол - шынайы адам бейнесін жасау.
Драматург, жазушы Дулат Исабеков бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазіргі заманғы жаңа пьесалар жазудың өзекті мәселелері» деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгінгі проблема - жаңа шығарма. Не жазсаң да бәрінде адам мәселесі. Шынайы драматургтің қателеспейтін бір-ақ нәрсесі бар, ол - шынайы адам бейнесін жасау. Қай қоғамда болмасын, әрине қазір осы жағынан олқылық болып жатқаны рас. Бүгінгі өмірге бетпе-бет келе алмай жатқанымыз шындық. Себебі бүгінгі өмірді егжей-тегжейлі зерттеу қиындау сияқты. Оның күрделілігі проблемаларында емес адамның өз басының мінезі мен типтік бейнелердің әлі қалыптаспағанында. Басты кейіпкер кім болуы керек, банкир, саясаткер, ғалым, жазушы деген сияқты. Қазір көркемдік деңгейі төмен шығармалар сахнаға шығып кетіп жатыр. Осы жағынан драматургтердің алдында үлкен асулар тұр», - дейді Дулат Исабеков. Оның пайымдауынша, «классиканың өзі уақыт өткенен кейін қалыптасады. Тіпті Чеховтың «Шағаласы» оншақты жылдан кейін, О. Виганың «Шөп қорыған иті» 1,5 ғасырдан кейін ғана мойындалды. Сондықтан драматургтер қандай тақырыпқа барса да оған бүгінгі көзбен қарауы керек».