Дрон көктен бақылауда: Қостанай облысында 55 жүргізуші ереже бұзған

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында полиция қызметкерлері дрондардың көмегімен бір апта ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 55 фактісін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

дрон
Фото: Polisia.kz

Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін полиция ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) пайдаланған.

Анықталған фактілердің қатарында қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жаяу жүргіншілердің жолдан өту ережесін бұзуы және маневр жасау кезінде бұрылыс көрсеткіштерін қоспау бар.

Полицияның мәліметінше, дрондарды пайдалану жолдағы жағдайды бақылауға және жүргізушілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылар тарапынан жасалған заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

— Жолдағы жауапкершілік — әр адамның қауіпсіздігінің кепілі, — деп атап өтті полиция.

Осыған дейін ел бойынша жол жүрісі қағидаларын бұзудың 20 мың фактісі дрондардың көмегімен анықталғанын жазғанбыз.