«Дружба» арқылы мұнай транзиті қашан басталады – Ақкенженов жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау қашан басталуы мүмкін екенін айтты.
- Қазіргі сәтте Транснефть компаниясынан алған мәліметке сәйкес, біздің үш айлық жоспарымызда 0 көрсеткіші тұр. Демек, алдағы үш айда «Дружба» тармағы арқылы транзитті жаңарту әзірше қарастырылмайды, - деді Ерлан Ақкенженов.
Биыл мамырда «Дружба» мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға («Шведт» мұнай өңдеу зауыты) бағытталатын транзит кестесі өзгертілген еді. Қазақстанның ұлттық мұнай құбыры операторы «ҚазТрансОйл» 2026 жылдың басынан бастап транзит тоқтатылғанға дейін «Дружба» құбыры арқылы Германияға 730 000 тонна мұнай жеткізді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 353 000 тоннаға артық.
Мұнай жеткізу Ресей мен Польша арқылы құбырдың солтүстік тармағымен жүзеге асырылды.