ДСӘМ: Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізуге ниетті. Вице-министр Ержан Біртанов қателігі үшін бас бостандығынан айырылған екі дәрігерге қатысты мәселеге орай осындай пікір білдіреді.
«Қаза болған әйелдердің туыстарына шын ниетіммен көңіл айтамын. Ал дәрігерлерге тағайындалған жаза тым қатал деп санаймын. Дегенмен, бұл сот шешімі. Заңда белгіленген тәртіппен аппеляцияға беру қажет», -деп жазды ол Facebook парақшасында.
Бұдан бөлек, вице-министр проблеманы жан-жақты талдауға уәде беріп, «әсіресе пациенттер өліміне немесе олардың денсаулығына залал тигізетін оқиғаларға байланысты медицина қызметкерлері әрекетін бағалаудағы әділдік пен объективтілікке қол жеткізуге бағытталған» заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге кірісетінін айтады.
«Дәрігерлер мен медбикелер әрекеттерінің кәсіби құзыреті мен құқықтылығын бағалауда медқызметкерлер қауымдастығының рөлін арттыратын боламыз. Медқызметкерлердің кәсіби жауапкершілігіне сақтандыруды енгізуге ниеттіміз», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай 11 сәуірде Астана қаласында №2 перинатальды орталықта босану барысында ажал құшқан әйелдің өліміне байланысты дәрігерлерге сот үкімі шыққан болатын.