ДСМ Азиадаға қатысушылардың және қонақтардың арасында тұмаудың алдын алу жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастыруда

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі Азиадаға қатысушылардың және қонақтардың арасында инфекциялық аурулардың, оның ішінде тұмау мен тыныс жолының жіті вирустық инфекцияларының алдын алу жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастыруда.

ДСМ Азиадаға қатысушылардың және қонақтардың арасында тұмаудың  алдын алу жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастыруда

Астана, Алматы қалаларының әуежайларының және вокзалдарының, қонақ үй кешендерінің, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының санитариялық-гигиеналық жағдайын бақылау күшейтілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомство сондай-ақ елімізде 19-24 қаңтар аралығында тыныс жолының жіті вирустық инфекциясы мен тұмаудың 40 840 жағдайы тіркелгенін хабарлап отыр. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге төмен. Республиканың 16 өңірінің алтауында, атап айтқанда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында тұмауратқандардың саны, басқа өңірлерге қарағанда жоғарылау. Науқастардың негізгі үлесін туғаннан бастап 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, олардың үлес салмағы 67,7 пайызды құрайды.

Негізінен, ағымдағы эпидемиялық маусымда В типтегі тұмау вирусы айналымда жүр. Өткен аптада 1789 науқас ауруханаға жатқызылған, бұл тыныс жолының жіті вирустық инфекциясы және тұмау диагнозымен медициналық көмекке жүгінген адамдардың жалпы санының 4,3 пайызын құрайды.

Республиканың мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Вакцинация тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады, республикада 2009-2010 жылдардағы эпидемиялық маусымда 464 400 адам егілсе, бүгінгі таңда жалпы егілгендердің саны 848 067 адамды құрап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропаның төрт елінде (Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия және Дания) тұмаумен ауырудың деңгейі жоғары, қалған елдерде тұмаудың эпидемиялық белсенділігі орташа қарқында. Көрші Ресейдің солтүстік өңірлерінде эпидемиологиялық көрсеткіш орташадан жоғары.