ДСМ: Кей өңірлер карантин нысандарындағы медқызметкерлердің демалу шарттарын орындамай отыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімін орындамай отырған өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 3 сәуірдегі отырысы хаттамасының (№9 хаттама) шешіміне сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне инфекциямен күреске қатысатын барлық қызметкерлерді «карантинге» көшіру туралы нұсқау берілген. Медициналық қызметкерлер тамақпен, тұрмыстық қажеттіліктермен, көлікпен қамтамасыз етілуі керек. Алайда 10 сәуірдегі жағдай бойынша бұл талаптарды орындамаған өңірлер де бар», - деп хабарлайды министрліктен.
Хабарланып отырғандай, инфекциялық стационарлар бойынша аймақтардың мәліметіне сәйкес, медициналық персоналдың 100 пайызы 8 аймақта медициналық мекемеде және үйде қалып отыр. Олар: Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары. Мемлекеттік комиссияның шешімі ішінара 4 облыста орындалса (Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Шымкент), толық шешімді 5 аймақ жүзеге асырған (Ақтөбе, Жамбыл, БҚО, Солтүстік Қазақстан, Алматы).
Провизорлық стационарларда медициналық персоналдың 100 пайызы 3 облыстағы медициналық ұйымдарда және үйде облыста (Атырау, Жамбыл, Қызылорда) қалып отыр. Мемлекеттік комиссияның шешімін 12 аймақ ішінара (Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, БҚО, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Шымкент), толығымен 2 аймақ (Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы) іске асырған.
Карантиндік ауруханаларда медициналық персоналдың 100 пайызы 10 облыста медициналық ұйымдарда және үйде (Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шымкент, Нұр-Сұлтан) қалуда. Мемлекеттік комиссияның шешімі ішінара 6 (Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан) облыста, толықтай Алматыда ғана орындалған.