ДСМ медициналық ЖОО студенттерінің білімін бағалайтын тәуелсіз бағалау орталықтарын құрады
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2012-2013 жылдары Қазақстанда медициналық ЖОО-да оқитын студенттердің білімін бағалайтын Бағалау орталықтары құрылады.
Бұл туралы бүгін Астанада «Медициналық білім: кеше, бүгін, болашақта» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Нұргүл Хамзина мәлім етті.
«Бүгін бізде білім беру үрдісі білім деңгейін бағалау үрдісінен ажыратылмаған, яғни ЖОО өзі оқытады, бағалайды, диплом береді. Осы тәртіппен түлектердің 99,9 пайызы диплом алып шығады. Әлемдегі озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, біз медициналық ЖОО-лар түлектерінің тәуелсіз сынақтамасын енгізетін боламыз», - деді ол.
Н.Хамзинаның айтуынша, әзірше сынақтама толығымен тәуелсіз болмайды және ол Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болады. Медициналық ЖОО-лар түлектерінің білімін бағалайтын алғашқы Бағалау орталығын 2012-2013 жылдары құру жоспарлануда.
«Дүниежүзілік банк жобасының шеңберінде Астана және Алматы қалаларында екі тәуелсіз сынақтама орталығы құрылатын болады. Әзірше түлектерден бастаймыз кейін, пайымдауымызша, бұл сертификациядан осы салада жұмыс жасайтын барлық дәрігерлер өтуі тиіс», - деді ол.
Сондай-ақ, Департамент директорының мәліметінше, 2012-2013 жылдары Қазақстанның 16 өңірінде муляждармен және фантомдармен жабдықталған симуляциялық орталықтар құрылады. «Әлемде науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дәрігерлер білімдерін симуляторларда жетілдіреді. Осы орталықтардағы командалық жұмыстар еңбек етіп жүрген мамандардың білімін бекітуге көмектеседі», - деді Н.Хамзина.