ДСМ тегін дәрі-дәрмек жеткізілмеген жағдайда шағым түсіруге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде кідірістер болған жағдайда шағым түсіруге шақырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ДСМ тегін дәрі-дәрмек жеткізілмеген жағдайда шағым түсіруге шақырды

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Елжан Біртановқа тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жеткізілмеген дәрі-дәрмектерге қатысты көптеген өтініштер келуіне байланысты осындай фактілерді айқындау мақсатында ДСМ елдің барлық өңірінде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтуды талдау және мониторинг жүргізуді бастады», - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі диспансерлік есепте тұратын, бірақ 2017 жылдың қазанынан желтоқсанына дейін министрліктің №786 бұйрығымен бекітілген тізімге сәйкес тегін дәрі-дәрмек алмағандардың барлығынан аты-жөнін, ЖСН, байланыс телефонын, қаласы мен емхана нөмірін көрсете отырып, kf_mz@mail.ru мекенжайына хабарласуды сұрайды.

Еске сала кетелік, жуырда Астана денсаулық сақтау басқармасы «Гиппократ» дәріханалар желісі қызметінен бас тартып, тегін дәрі-дәрмекті мемлекеттік емханалар арқылы беруге шешім қабылдағанын хабарлаған болатынбыз.