ДСМ: Жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер етіп жатқан жоқ

Ақмарал Әлназарова
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын айтты.

«Биыл ақпанда жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер ететіні айтқан едіңіз. Бірақ бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындар жаңа уақыт белдеуінің салдарынан психологиялық, физикалық жүктеме түскенін айтып, шағымданып жатыр. Қазір петицияға қол қойғандардың саны 50 мыңнан асты. Қазір қандай пікірдесіз? Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару керек деп ойламайсыз ба?», - деп сұрады БАҚ өкілі.

Министр желіде шағым көп болғанымен, уақыт белдеуіне байланысты денсаулығы нашарлар медициналық көмекке жүгінгендердің саны артпағанын айтады.

«Негізі сағат белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Бүгінде денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар», - деді Ақмарал Әлназарова.

Соңғы жаңалықтар
telegram