ДСМ жанындағы пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Байжүнісовтің төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді.

ДСМ жанындағы пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес отырысына ҚР Парламент депутаттары, республикалық денсаулық сақтау, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, трансплантология саласының, есірткіге тәуелді адамдарды емдеуші жетекші мамандар қатысты.

Жиында қоғамда қызу талқыланып жүрген трансплантологияның проблемалары қаралып, республикада тіндерді және ағзаларды траспланттау бойынша бағыттар анықталып, есірткіге тәуелді адамдардың апиындық орынбасушы терапия арқылы емделуін ары қарай жүзеге асыру жөніндегі мәселелер талқыланды. Тіндер мен ағзаларды траспланттау және басқа операцияларды жасау, есірткіге тәуелді адамдарды апиындық орынбасушы терапия арқылы емдеу кезіндегі құқықтарын қорғау мәселелерінің этикалық жақтары қаралды.

Жалпы елімізде 2010 жылы туыстық донорлардан бүйректі транспланттау бойынша 9 операция жасалды. Халықтың менталитетіне байланысты донорлық ағзалардың жетіспеушілігі медициналық қызметтің осы түрінің дамуы жолында негізгі проблема болып отыр. Одан басқа, 2010 жылдың қараша айында «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында» елімізде алғаш рет гемабластозы бар пациентке гемопоэтикалық дің жасушаларын аутологиялық транспланттау бойынша операция жасалды. Көп науқастар үшін бұл - өмірлерін сақтап қалудың мүмкіндіктерінің бірі.

Республикада есірткіге тәуелді АИТВ - инфекциясына шалдыққан, апиындық орынбасушы терапия арқылы емделушілерге қатысты ілкі жоба 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасында ЖИТС індетіне қарсы 2006-2010 жылдарға арналған Бағдарлама жоспарының іс-шараларына сәйкес Павлодар және Теміртау қалаларында жүзеге асырылып келеді. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап аталмыш жобаға Өскемен қаласы қосылды. Аталған жоба қосымша зерттеуді және ілкі жоба аясында жалғастыруды қажет ететіндігі атап көрсетілді.