ДСҰ бас директорының орынбасары Қазақстанды Өзбекстан мен Беларусьқа үлгі етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық үлгі - мемлекеттердің қысқа уақыттың ішінде қалайша алысқа баруға болатынын паш етер бірегей модель. ХІ Астана экономикалық форумында Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары Алан Вульф осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ДСҰ құрамына кіруге көптеген елдер неліктен мүдделілік танытады? Ұйымға мүше елдердің экономикалары сан-салалы. Олардың ең ірісі - Қытай. Бірақ, Лаос секілді шағын мемлекеттер де экономикасын жолға қойып, жаһандық экономикаға интеграциялануға ниет білдірді. ДСҰ-ның қолдауымен осы трансформация сәтті жүзеге асырылып келеді», - деді Алан Вульф.
ДСҰ өкілінің айтуынша, ұйымға соңғы болып Либерия мен Ауғанстан мүше болған. Либериядағы азаматтық соғысқа, эбола індетіне, Ауғанстандағы ішкі қайшылықтарға қарамастан, аталмыш елдер ұйымға мүше болуға барынша пейіл білдірген.
«Қазақстан - үлгі ретінде, модель ретінде бола алады. Бұл мемлекетте экономиканы дамыту үшін аса ауқымды жұмыстар атқарылды. 2015 жылы ЖІӨ адам басына шаққанда 1996 жылмен салыстырғанда айтарлықтай артып, 1300 доллардан 14000 долларға дейін көбейді. Бұл аса үлкен серпіліс. ДСҰ Қазақстанға бұл ретте барынша қолдау білдірді. Қытайда мәселен, жағдай аса күрделі болып тұр. ДСҰ-ға мүше болу үшін Қытайға он мыңдаған заңдар мен ережелерді өзгерту керек болды. Жағдай өздеріңіз білетіндей, әлі де күрделі. Кез келген үлкен алып экономикалар, мәселен Жапония - олардың арасында белгілі бір үйкеліс бар. Әлбетте, бұл үйкелістер күндердің күні реттелер деген сенімдемін», - деді ол.
Алан Вульфтың айтуынша, қазіргі уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамында 164 мемлекет бар. Жақында тағы екі мемлекет ұйымға мүше болғалы отыр.
«Қазақстанның ұйымға енуі бірнеше себептерге байланысты оңайға түскен жоқ. Техникалық қиындықтар болды. Президент Қазақстанның ұйымға ену туралы келіссөздерін реттеуге өзі кірісті. Демек, саяси көшбасшылық керек болды», - дейді ол.
Алан Вульф өз сөзінде Қазақстанның АЭФ секілді шараларды ғана емес, тағы да маңызды отырыстарды өткізіп келе жатқанын тілге тиек етті.
«Қазақстан - маңызды шараларды өткізуге аса ыңғайлы бірегей мемлекет. Себебі, Қазақстанның барлық ойыншылармен қарым-қатынасы жақсы. Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен, ЕО-мен қарым-қатынасы жолға қойылған. Өзге мемлекеттер туралы олай деуге келмейді. Қазақстан әлем мемлекеттерінің экономикалық интеграциясын күшейтуге боларлық орын. Менің ойымша, Қазақстан - мемлекеттердің қысқа уақыттың ішінде қалайша алысқа баруға болатынын паш етер бірегей модель. Бұл - табыстың тарихы. Менің ойымша, мұндай үлгі Өзбекстан мен Беларусь секілді мемлекеттерге көп көмектеседі», - деді Алан Вульф.