ДСҰ-ға енгенде тиімді шарттарға қол жеткізбесек, Украинаның кебін киюіміз мүмкін - А. Күрішбаев

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - ДСҰ-ға енгенде өзіміз үшін тиімді шарттарға қол жеткізуге тиіспіз. Әйтпесе Қазақстанда дәл Украинадағы жағдай қайталануы мүмкін.

ДСҰ-ға енгенде тиімді шарттарға қол жеткізбесек, Украинаның кебін киюіміз мүмкін - А. Күрішбаев

Бүгін Астанада «Жаһандану жағдайында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін экономикалық дамытудың өзекті мәселелері» атты тақырыптағы конференция барысында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі туралы әңгіме болғанда қаперде ұсталатын басты мәселе: барлық дамыған елдерде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттік қолдаудың есебінен қамтамасыз етіледі. Яғни, бюджеттік субсидиялау үлкен рөл атқарады. Ешбір жерде нарық та, бизнес те өздігінен бұл салаға тәртіп орната алған емес», - деді алқалы жиынды ашып сөз сөйлеген ректор А.Күрішбаев. Оның айтуына қарағанда, қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің проблемалары негізінен мемлекеттік қолдаудың тым төмендігінде болып отыр. Тіпті басқасын айтпағанда Кеден одағының қатысушылары арасында қазақстандық қолдау төменгі деңгейде. Мәселен, Беларусь Республикасында салаға бағытталатын мемлекеттік қолдау деңгейі 17 пайызды құраса, Қазақстанның деңгейі 5 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге кететін шығын мөлшері Еуропа елдеріне қарағанда 3 есеге артық. Бұл негізінен табиғи жағдайларға да байланысты болып келеді. Мәселен, егер Қазақстанда вегетациялық маусымда жауын-шашын мөлшері 250 миллиметрді құраса, Еуропада бұл көрсеткіш 1000 миллиметрге дейін жетеді.

«Осындай жағдайларды ескере отырып, ДСҰ-ға ену жөніндегі келіссөздер барысында барлық қағидатты ұстанымдар бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеушілер үшін тиімді шарттарды қалыптастыруға қол жеткізуге тиіспіз. Әйтпесе Қазақстанда Украинадағы секілді жағдай қайталануы мүмкін. ДСҰ-ға енгеннен соң Украинада жұмыссыздар саны күрт өсіп, қант экспорты құлдырады, ол елдің басқа елдерге жіберетін ет экспортына қарағанда оның импорттық бажы 8 есеге төмендеп кетті», - дейді А. Күрішбаев.

Еске сала кетейік, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің 50 жылдық мерейтойына арналып отыр.