«ДСҰ-ға қолтықтасып кірмейтін болдық...» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«ДСҰ-ға қолтықтасып кірмейтін болдық...» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Халал индустриясы талапқа сай дамысын» атты мақала жариялады. Басылымның жазуынша, әлемде тамақ өндірісінің дамығаны соншалық, бұл салада өз орнын тауып, жаңа бастаманы іске асыру - қиынның қиыны. Алайда, елімізде халал өндірісі енді ғана аяғынан тұрып, қалыптасу кезеңін бастан өткізіп жатқандықтан, оның жолына кесе-көлденең тұрушылар да, түрлі жасанды кедергілер де жетерлік. Халалдың атын жамылған кейбір өндірушілер тұтынушыларды алдып, оларға адалдығы күмәнді тағамдарды саудалауда. Олар шығу тегі белгісіз әрі күмәнді өнімдерімен тауарларын рынокқа көптеп шығарып, ел тұрғындарының тәні мен жанына өз зиянын тигізуде.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, қазіргі таңда жарақаттанушылық тек қана Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдегі басқа елдер үшін де ең маңызды медициналық әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр десек, түрлі жарақат алудың кесірінен ауыру-сырқаулық, уақытша еңбекке жарамсыздық және өлім-жітім көптігі Қазақстан бойынша екінші орынды иеленсе, мүгедектікке алғашқы шығу бойынша үшінші орынға шығып отыр. Травматология және ортопедия ҒЗИ деректеріне сүйенсек, ересек тұрғындар арасында травматизм көрсеткіші 100 мың ересек тұрғынға шаққанда 2009 жылы 4102,2 адамға жеткен. Бұл дегеніңіз, травматология және ортопедия замануи медицинаның басым бағыттарының бірі болып отыр деген сөз. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жарақат алу көбейіп барады» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Еуропа активтерін алуға негіз бар» атты мақала басты. Онда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жақын арадағы болашақта қара теңіз аймағына басым көңіл бөле отырып, еуропалық нарықтағы өз үлесін ұлғайтуды көздеп отырғандығы жазылған. Басылымның мәліметтерінше, қазіргі таңда 2020 жылдарға таяу мұнай өнімдеріне сұраныс жылына орта есеппен 3 пайызға тұрақты өседі деп күтіліп отырған Түркия нарығына кіру жоспарлануда. Сондай-ақ мұнай өнімдеріне сұраныс көбейіп келе жатқан, әлі де көбейе беретін жағдайда тұрған Украинадағы өзіміздің активтерімізді кеңейту мүмкіндіктерін қарастырылуда. Осы мәселе жөнінде тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, инфляцияны болдырмау үшін халыққа қажетті тауарлар мен өнімдер бағасын бақылауда ұстап отыру керек-ақ шығар, сұранысты ұсыныс қамтамасыз ете алмаса, бағаны бақылаймын деу бос сөз болатынына көз жеткізуде. Сонда не істеу керек?. Алдымен отандық өнімді ішкі нарыққа толтырып қоюымыз керек. Сарапшылар жауабы осы. Бұл аграршылардың мойнына үлкен жауапкершілік пен салмақ салатыны белгілі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын басқарып отырғандар үшін де - үлкен сын. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Азық-түліктен тарықпаудың оң қадамдары» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Әйелге күш көрсету -ерлік емес» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, бүгінде Қазақстан адам құқықтары жөніндегі 30-ға жуық халықаралық шартқа қатысып, қол қойды. Алайда елімізде әйелдер құқығының аяққа тапталуы жиі шаң беріп қалады. Әйелдерді қорғау бүгінде әлемдік проблемаға айналды. Осы бағытта алпауыт елдердің өзі арнайы бас қатыруда. Америкада, Англияда осындай мәселелермен, яғни отбасындағы зорлық-зомбылық туралы әрекет ету қызметі, Болгария мен Италияда отбасындағы жанжалды реттеу қызметтері бар. Ал біздің елімізде 1999 жылы ішкі істер органдары жүйесінің құрылымында әйелдерге зорлық-зомбылық жасау көріністеріне қарсы күрес жөніндегі бөлімдер құрылған. Осыған қарамастан елімізде бұзақылық пен тонау қылмыстарынан әйелдер ерлерге қарағанда көп зардап шегеді.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстанның сыртқы экономикалық ықпалдастық саясатындағы әуелден діттеген басымдығы - Дүниежүзілік сауда ұйымына кірігу. Соңғы уақытта Кеден одағының қалыптасып, оның қызмет етуіне орай ДСҰ мәселесі біршама тұйықталғандай еді. Сосын әлемнің экономикалық алпауыт ұйымына топ болып, бірыңғай Кеден одағы ретінде ену меңзелген-ді. Алайда кейінгі кезде осы мәселеде біршама айырмалар анық байқалады. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «ДСҰ-ға қолтықтасып кірмейтін болдық...» атты мақаладан кеңірек білуге болады.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Атырау облысында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы жергілікті бизнес-қауымдастығының қызметіне тың серпін берді. Атырау облысына сапары барысында Елбасы тек мұнай саласымен ғана шектеліп қалмай, жаңа, тың идеяларды қолға алуға асығу керектігін тапсырған. Бұл әсіресе аймақтағы аграрлық саланы дамытуға қатысты болып отыр. Себебі бұл сала Атырау аймағында кенжелеп қалған салалардың бірі. Бұл мәселе жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Поощряется иницатива, реализуются идеи» атты мақаладан оқуға болады.