ДСҰ қазақ кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады - А. Мырзахметов
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу қазақ кәсіпкерлері үшін бұрынғыдан да жақсы мүмкіндіктер ашады.
ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай айтты.
«Әрине, осынау халықаралық ұйымға мүше болу - абырой әрі үлкен жауапкершілік. Дегенмен, әрбір саланы ескеру қажет. Себебі бір жылдан кейін Қазақстанға келетін импорт үлесі бірнеше есеге көбейеді. Оның үстіне біз кедендік салықты ұзақ ұстай алмаймыз. Оны төмендету міндеттеледі. Білуімізше, Үкімет ауыл шаруашылығы саласы үшін өтпелі кезеңді сұрап отыр. Ол - дұрыс шешім. Себебі отандық ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне әлі де уақыт қажет. Дегенмен, оған көп қарайламай-ақ, бәсекеге барынша дайындалған жөн. Өйткені өтпелі кезеңде мемлекет кәсіпкерлерге көмек бере алады. Ал сол өткелден өткеннен кейін, еш қамқорлық жасалмайды. Бұған дейін біз Кедендік одақ аясында өзара бәсекеге түссек, енді әлем нарықтарымен күш сынасып көреміз. Дегенмен, ДСҰ мәселесінде меніңше, көп қорқудың да қажеті жоқ, қ айта ол бастаманың пайдалы жағы басым. Өйткені, барлық тауар бізге ғана келмейді. Біздің де әлемнің көп еліне төмендетілген кедендік талаптармен кіруге мүмкіндігіміз болады. Демек, қазақ кәсіпкерлері үшін бұрынғыдан да жақсы мүмкіндіктер ашылады. Ал әзірше сұралатын жалғыз мәселеміз бар, ол - осы саладағы келіссөздер жайында бізге де көбірек ақпарат беріліп тұрса», - дейді А.Мырзахметов.