ДТҰ Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы Қазақстан Президентінің Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күнін белгілеу жөніндегі бастамасын қолдайды
АНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі туристік ұйымының Бас Ассамблеясының кезекті 18-ші сессиясы аясында алқалы жиынға қатысушы мемлекеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамыздың 29-ын Бүкіләлемдік ядролық қару-жарақтан бас тарту күні ретінде белгілеу жөніндегі бастамасын қолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов Президенттің Бүкіләлемдік ядролық қару-жарақтан бас тарту күнін белгілеу жөніндегі бастамасын жария етіп, бүгінгі таңда бұл идеяны БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның қолдайтындығын жеткізді. «Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Оман елі бұл бастамаға қолдау білдіруде. Осыған орай мен бүгінгі отырысқа қатысушы елдерді тамыздың 29-ын Бүкіләлемдік ядролық қару-жарақтан бас тарту күні ретінде белгілеу мәселесін қолдап, Дүниежүзі туристік ұйымының Бас Ассамблеясының кезекті 18-ші сессиясының қорытынды қарарына енгізуді сұраймын», - деді министр.
Сессияға қатысушылар Қазақстанның Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күнін белгілеу жөніндегі бастамасын қошеметпен қабылдап, қолдау білдірді.