Du компаниясы мен Microsoft 544 млн долларға ауқымды деректерді өңдеу орталығын іске қосады
Du компаниясы мен Microsoft 544 миллион долларға гипермасштабты деректер өңдеу орталығын іске қоспақ. Келісім Дубайда өтіп жатқан Жасанды интеллект апталығы аясында жасалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктерінің телекоммуникациялық компаниясы Du сейсенбі күні Microsoft-пен гипермасштабты дата-орталық салу туралы келісім жасағанын хабарлады, деп жазады Reuters.
Компания Du-дің мәлімдемесіне сәйкес, дата-орталық шамамен 2 миллиард дирхамға (544,54 миллион АҚШ доллары) салынып, іске қосылады. Бұл нысанның негізгі жалға алушысы Microsoft болады.
Орталық кезең-кезеңімен дамымақ.
Гипермасштабты дата-орталықтар — бұл негізінен деректерді сақтау мен бизнеске арналған бұлтты есептеу қызметтерін үлкен көлемде ұсынуға арналған ірі нысандар.
Келісім 2025 жылғы 21–25 сәуір аралығында өтіп жатқан Dubai AI Week жасанды интеллект апталығы аясында жасалды. Іс-шараның мақсаты БАӘ-нің жасанды интеллект саласындағы көшбасшылығын көрсету және технологияларды экономиканың және қоғамның негізгі салаларына жедел енгізу.
— Бұл жоба цифрлық инфрақұрылымға салынған ірі инвестицияларды білдіреді. Ол Дубайдың жаңа технологиялар, инновациялар және цифрлық қызметтерді енгізу саласындағы көшбасшылығын нығайтады, — деді Дубайдың тақ мұрагері, премьер-министрдің орынбасары және қорғаныс министрі шейх Хамдан.
Қазіргі уақытта Du компаниясы БАӘ аумағында бес дерек орталығын басқарады. Бұл орталықтар белсенді түрде дамуға инвестиция құйып, АҚШ-тан тыс жаһандық жасанды интеллект орталығына айналуды көздеп отыр.
— Бұл келісім – БАӘ-нің цифрлық экожүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық мақсатымызға жету жолындағы маңызды қадам, — деді Du компаниясының бас директоры Фахад әл-Хассави.
Бұған дейін БАӘ әлемде алғаш рет жасанды интеллект заңнаманы әзірлеу және қайта қарау үдерісіне қатысатын жүйені іске қосатынын мәлімдеген болатын.
Өткен айда Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк және БАӘ Орталық банкі үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.